You are currently viewing Ұлытау облысында ірі көлемдегі газ ұрлығы анықталды

Ұлытау облысында ірі көлемдегі газ ұрлығы анықталды

«QAZAQGAZ AIMAQ» компаниясы газ объектілерінің табиғи газды тұтыну ережелерін сақтауы бойынша тұрақты тексеріс жүргізеді.

Сондай тексеріс жүргізу кезінде, Ұлытау облысындағы рейд барысында компания мамандары Жезқазған қаласының жанындағы Талап ауылында орналасқан кірпіш өндіретін зауытта («Талап 2023» ЖШС) газ ұрлау фактісін анықтады. Тексеру барысында белгілі болғаны – объектіні газдандыру жұмыстары берілген техникалық шарттарға сай жүргізілмеген. Жұмыс жобасында есепке алу құралы шкафты газ реттеу пунктінде  (ШГРП) деп көрсетілген, бірақ іс жүзінде ол ШГРП-ден тыс орнатылған.

Сонымен қатар, газды есепке алу торабында есептегішті айналып өтіп, тауарлық газды есепсіз тұтынуға мүмкіндік беретін, жобада көрсетілмеген қосымша құбыр желісі (байпас) табылды. Демек, газ есепке алу құралынсыз тікелей тұтынылған, яғни газ ұрланған. Қолдан жасалып орнатылған пештердің пайдалануға рұқсат беретін құжаттары жоқ. Қолдан жасалған пештерді орнату – газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік ережелеріне және «Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына қайшы келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, газ жабдықтарын өз бетінше орнатуға, сондай-ақ ҚР аумағында сертификатталмаған газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады!

Көріп отырғанымыздай, кірпіш зауытының басшылары заң талаптарын  елемеген. Газды заңсыз пайдалану көптеген зардаптарға әкеліп соқтырады, ең алдымен адамдардың (зауыт жұмысшыларыныі) денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Өйткені, кез келген ұшқыннан әп-сәтте тұтанатын, тіпті бірден жарылатын газ қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Зауытта орнатылған 82 дана қолдан жасалған газ құрылғыларының тұтыну қуаты зауыт үшін есептелген газ тұтыну көлемінен асып кеткен.

Техникалық шарттарға сәйкес, бұл зауытта тек бір газ қазандығы мен төрт газ плитасын орнатуға ғана рұқсат берілген.

Осылайша, «Талап 2023» ЖШС заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде құны 6 миллион теңгеден асатын тауарлық газдың үлкен көлемі ұрланды. Тауарлық газды пайдалану ережелерін бұзу туралы акт жасалды. Газды ұрлау фактісі бойынша 2024 жылғы 7 ақпанда Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының құқық қорғау органдарына тиісті өтініштер берілді. Алайда бұл өтініштер біраз уақыт қараусыз қалды.

Іс Бас прокуратураның араласуынан кейін ғана орнынан қозғалды және «Талап 2023» ЖШС «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ға 6 миллион теңгеден астам сомада залалды өтеді. Қазіргі уақытта тергеу барысы қадағалау органының бақылауында.

«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ үшін тұрғындарды, әлеуметтік маңызы бар объектілер мен коммуналдық нысандарды көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз ету – басым бағыт болып табылады. Осыған байланысты компания мамандары тұтынушыларды газды үнемді және саналы пайдалануға шақырады.

Алайда, байқап отырғанымыздай, ескертулерге қарамастан, газ құбырына өз бетімен қосылуға тырысатындар бар. Бұл әрекеттер тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді. Газ – жарылғыш зат және газбен жабдықтау жүйесіне рұқсатсыз қосылу – қайғылы салдарға әкеп соқтыруы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғаш рет жылыжай шаруашылығының газ ұрлау фактісі бойынша үкім шығарылған болатын. 2023 жылдың қаңтар айында Түркістан облысының Құркелес ауылында «Қызыл ту» шаруа қожалығын (жылыжай кешені) тексеру кезінде «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының қызметкерлері Сарыағаш ауданының полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, тауарлық газды ұрлау фактісін анықтады. Кәсіпкер газ тарату ұйымының келісімінсіз, жұмыс істеп тұрған жоғары қысымды газ құбырына заңсыз қосылып, өз жылыжайларын газбен қамтамасыз еткен, бірақ тұтынған газдың ақысын төлемеген. Күдікті кәсіпкер В.Мамедовты қамауға алуға санкция берілді, бірақ ол қашып кеткендіктен, оған халықаралық іздеу жарияланды. Полиция қызметкерлері жедел шаралар барысында Мамедовты ұстады.

2024 жылғы 18 сәуірде Сарыағаш аудандық соты оны ҚР ҚК 188 – бабы 4-бөлігінің 2,3-тармағы бойынша аса ірі мөлшерде мұнай-газ құбырынан газ ұрлау фактісі бойынша кінәлі деп таныды және оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 5 жыл шартты түрдегі жаза тағайындады.

Мамедов «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-на 13 миллион теңгеден астам сомаға «Қызыл ту» ШҚ тауарлық газын ұрлау фактісі бойынша келтірілген материалдық залал үшін берешегін толық төледі.

Газ құбырына өз бетінше қосылу адам өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратын құқық бұзушылық болып табылады. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ мамандары абоненттерді бұл туралы үнемі хабардар етіп отырады.

Газ құбырына рұқсатсыз қосылу ұрлық болып саналады. Мұндай қадамға баруды таңдаған тұтынушылар барлық салдарды түсінбейді немесе олардың әрекеттері назардан тыс қалады деп үміттенеді. Алайда мұндай үміттену бекер болып саналады. «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ мамандары газ ұрлауды болдырмау және анықтау үшін үнемі рейдтер жүргізеді. Олар күдікті жағдайларды мұқият тексеріп, газды пайдаланудың қауіпсіздігі мен заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданады.

Осылайша, кез-келген өздігінен рұқсатсыз қосылу әрекеттері сөзсіз анықталады және кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылады. Қосылу және қызмет көрсету қызметтері үшін ресми өкілдер мен білікті мамандарға хабарласу қажет. Тек сонда ғана сіз өзіңіздің қауіпсіздігіңізге және заңды бұзбайтыныңызға сенімді бола аласыз.