You are currently viewing Елімізде газдандырудың техникалық шарттары цифрланды

Елімізде газдандырудың техникалық шарттары цифрланды

Үйіңізді газдандыру үшін қажетті техникалық шарттарды Егов арқылы алуға болатынын білесіз бе? Осылайша, техникалық шарттарды алу процесін автоматтандырып, өз тұтынушыларына қолайлы жағдай жасаған «QazaqGaz Aimaq» компаниясы қызмет көрсету сапасын арттырып келеді.

Ал техникалық шарттарды алу – тұрғын үйді газдандырудың алғашқы қадамы.

«QazaqGaz Aimaq» компаниясы қазақстандықтарға қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық технологияларға біртіндеп көшіп жатыр. Қазір үйді не объектіні газдандыру үшін көп қағазды көтеріп, кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ бар болғаны eGov.kz порталында жеке тіркеуден өтіп, телефон нөміріңіз бен электронды почтаңызды көрсетіп, тұрғылықты және газдандыру объектісінің мекенжайын таңдайсыз. Әрі қарай техпаспорттың сканерленген көшірмесін тіркеп, өтінімге қол қоясыз. Газдандырудың күрделі түрі болмаса, жауап 5 күн ішінде, техникалық күрделі объектілер үшін жауап 10 күн ішінде СМС хабарлама арқылы келеді.

Жәния Субинова, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалы халыққа қызмет көрсету қызметінің бастығы:

– Цифрландыру инновацияларын газдандыру процестерін қарапайым әрі қолжетімді етуге тырысамыз. Біздің тұтынушыларымыз үшін бұл өте тиімді. 2023 жылдың қазан айынан бастап Егов порталда 9 мыңнан астам өтініш түскен болатын.

«QazaqGaz Aimaq» ұсынған eGov.kz порталындағы жаңа қызмет тұтынушыларға тиімді екені сөзсіз. Цифрландырудың арқасында халыққа қызмету көрсету орталықтарындағы кезек те едеуір азайған. Ал интернетті пайдалануға дағдыланбаған адамдар үшін «QazaqGaz Aimaq»-тың халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы орындар ашылған. Олар еліміздің 14 өңірінде бар.

Сайтәлім Юлдаш, қала тұрғыны:

– Электронды портал бар екенін әлеуметтік желіден көрдім. Сонымен газ өткізу мәселесімен келдім осы жерге. Кезек дегенді байқамадым.

Егов арқылы өтініш беріп, үйлерін көгілдір отынға қосуға ниет білдіргендердің басым бөлігі республикамыздың оңтүстік өңірлері мен Қарағанды, Ұлытау және Ақтөбе облыстарында тіркелген. Себебі оларда газдандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осылайша, «QazaqGaz Aimaq» цифрландыруды енгізу арқылы тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетеді.